НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ 20-ДАН АСТАМ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРМЕН КЕЗДЕСІП, ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

    1 / 4

    ⚜️ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік компаниялар мен іскерлік ұйымдардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік өндіріс, фармацевтика, инфрақұрылым және білікті мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

    📌 Келіссөздерге Түркия, Аргентина, Франция, Израиль, Оңтүстік Корея, Пәкістан және Қытайдан келген өкілдер қатысып, Түркістан облысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

    ⚜️ Түркияның «Şekerlisoy Holding» компаниясымен фармацевтикалық өндірістік кешен салу мүмкіндігі талқыланды. Жобаны іске асыру фармацевтика саласының өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.

    ⚜️ Францияның «Danone S.A.» компаниясымен сүт өнімдері мен азық-түлік өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды. Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниямен өзара тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктері сөз болды.

    ⚜️ Аргентина тарапымен өткен кездесуге Қазақстан-Аргентина сауда палатасының президенті, Қазақстан Республикасының Буэнос-Айрестегі құрметті консулы Сантьяго Делука, сондай-ақ «Clear Petroleum» және «DFM Consultores» компанияларының басшылары қатысты.

    Келіссөздер барысында Түркістан облысының минералдық-шикізат әлеуетін игеру, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізу, техникалық және сервистік қызметтерді дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар Созақ ауданындағы уран өнеркәсібінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірлескен кәсіпорындар құру, жергілікті сервистік қызметтерді дамыту және Аргентина инвестицияларын тарту мүмкіндіктері талқыланды.

    ⚜️ Оңтүстік Кореяның «KITA» ұйымы, «PHN», «Garion Investment & Trading» және «Hyundai Corporation» компанияларының өкілдерімен энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

    Атап айтқанда, кореялық энергетикалық жабдық өндірушілердің қатысуымен күн электр станциясын салу мүмкіндігі талқыланды. Жобаны іске асыру үшін электр желілеріне, оның ішінде қосалқы станцияларға қосылуға мүмкіндік беретін жер учаскелерінің қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар «Hyundai Corporation» өңірдегі бес қосалқы станцияға қатысты ұсыныстарды қарастырып жатыр.

    🔰 Нұралхан Көшеров Қытайдың «China Energy Overseas Investment» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьмен де келіссөз жүргізді. Кездесуде өңірде «Sauran Solar Power» компаниясы жүзеге асырып жатқан қуаты 300 МВт күн электр станциясы жобасының барысы талқыланды. Сонымен қатар тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және өңірде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

    Облыс әкімі инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті дамытуға және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

    🔰 Облыс әкімі Қытайдың бірқатар компанияларының басшыларымен де кездесіп, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік ынтымақтастықты кеңейту және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

    📌 Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын әзірлеу, өндіру, өткізу және сервистік қызмет көрсету бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды. Бұл бағыт өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін техникалық жаңғыртуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.

    🔰 Кездесу барысында элиталық мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын заманауи агроөнеркәсіптік кешен салу жобасы талқыланды. Жоба ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

    🔰 Сондай-ақ керамикалық тақтайшалар өндіру, жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін коммуналдық техника шығару, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға арналған жабдықтар өндіру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

    ⚜️ Пәкістанның бірнеше компаниясының басшылары Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, өңірде өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, бояу және химиялық өнімдер өндіретін кешен құру жөніндегі ұсыныс талқыланды. Жобаны арнайы экономикалық аймақ аумағында орналастыру, өндірістік хаб қалыптастыру және өнімді халықаралық нарықтарға шығару мүмкіндіктері қаралды.

    🔰 Кездесу барысында қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қолданыстағы заңнамаға сәйкес салықтық және кедендік ынталандыру тетіктерін пайдалану, ғылыми-зерттеу орталығын дамыту, жергілікті мамандар даярлау және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері сөз болды.

    🔰 Сонымен қатар Пәкістанның тағы бір компаниясының құрылтайшыларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуді, мал азығын, ветеринариялық және фармацевтикалық өнімдерді, косметика мен тұрмыстық химия өндірісін қамтитын кешенді агроөнеркәсіптік жобаны іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Мұндай өндірістік кешен ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің өзара байланысын нығайтуға бағытталған.

    🔰 «Zhuochuang» кәсіптік-техникалық институтының өкілдерімен кездесуде еңбек нарығына қажетті білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселелері қаралды. Тараптар кәсіптік білім беру жүйесін жұмыс берушілердің сұранысымен ұштастыру, жергілікті мамандарды оқыту және жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау бағыттарын талқылады. Кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту жаңа өндірістерді іске қосу кезінде өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Кездесулер барысында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы, өнімді терең өңдеу, энергетика, фармацевтика, тау-кен өнеркәсібі және өнеркәсіптік өндіріс салаларындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздер жаңа технологиялар тарту, өндірістік кооперацияны дамыту және экспорттық бағыттарды кеңейту мәселелерін қамтыды.

    Түркістан облысы үшін инвестиция тарту – жаңа өндіріс орындарын ашудың, тұрақты жұмыс орындарын құрудың, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі.

    Облыс әкімдігі шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және инвестициялық бастамаларды қолдауға басымдық береді. Әрбір жобаны іске асыру шарттары, қаржыландыру көлемі, инфрақұрылымдық қажеттіліктері мен жүзеге асыру мерзімдері тараптардың келіссөздері және қолданыстағы заңнама аясында айқындалады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары