Жетісу облысында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтті. Негізгі назар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған.
Екі күн ішінде полицейлер 684 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың 7 дерегі тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтардың жолын патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ Ескелді, Қаратал және Панфилов аудандарының полиция бөлімшелері кесті.
Мас күйінде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың барлығына үлкен қауіп төндіреді. Жүргізушінің зейіні төмендеп, реакциясы баяулауы ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Полиция жүргізушілерді алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік басқармауға, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырады.
Жол қауіпсіздігі әр жүргізушінің жауапкершілігінен басталады. Заң мен тәртіп — ортақ қауіпсіздіктің кепілі.









