Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Швейцария Конфедерациясының Президентімен кездесті

    1 / 2

    2026 жылғы 22 қазанда Берн қаласында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі А. Шаққалиев Швейцария Конфедерациясының Президенті, Федералдық экономика, білім және зерттеулер департаментінің басшысы Г. Пармеланмен кездесті.

    Г. Пармелан Қазақстан туралы жылы пікір білдіріп, екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. Швейцария Президенті 2025 жылғы қарашада Астанаға жасаған сапарын ерекше ықыласпен еске алды. Сол сапар барысында ол Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевпен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің 5-ші отырысына қатысқан болатын. Г. Пармеланның айтуынша, сол кезде қол жеткізілген келісімдер екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына жаңа серпін берді.

    Г. Пармелан Мемлекет басшысының басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға берді. Ол жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануын және бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуын атап өтті. Швейцария тарапының пікірінше, жүргізіліп жатқан өзгерістер елдегі институционалдық тұрақтылықты нығайтып, инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Швейцария Президенті Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы мен цифрландыру саласындағы жетістіктеріне тәнті болғанын жеткізді. Ол Швейцария Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді әрі болашағы зор серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

    Г. Пармелан Қазақстан мен Швейцарияның Бреттон-Вудс институттары және Дүниежүзілік банк тобы аясындағы өзара жұмысына жоғары баға берді. Аталған құрылымдарда Қазақстан Швейцария жетекшілік ететін сайлау тобының құрамына кіреді.

    Швейцария Президенті 2027 жылғы 21–22 маусымда өтетін Женева жасанды интеллект саммитіне (Geneva AI Summit) дайындық мәселесіне жеке тоқталды. Г.Пармелан Қазақстанда цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларының жүйелі түрде дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол саммит Қазақстанның да қатысуымен тәжірибе алмасуға және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың ортақ тәсілдерін әзірлеуге арналған маңызды алаң болатынына сенім білдірді.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылды.

    А. Шаққалиев Швейцария тарапын сол күні Берн қаласында өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысының қорытындыларымен таныстырды. Министр қол жеткізілген келісімдер агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты, инфрақұрылым, энергетика, аса маңызды шикізат, цифрландыру және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз болатынын атап өтті. Сондай-ақ отырыс соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен NAGRA арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылғанын хабарлады.

    Қазақстан тарапы экономиканың басым салаларына Швейцария инвестициялары мен технологияларын тартуға мүдделі екенін растады. Сонымен қатар швейцариялық компанияларды Қазақстанда өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды. Министр Қазақстан тарапы швейцариялық бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

    Тараптар жоғары деңгейде және үкіметаралық комиссия отырысы барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары