Биылдан бастап құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) операторларын даярлау енгізілді. Бұл Ұлттық ұлан.
Академиясының курсанттарына заманауи технологияларды меңгеріп, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшілерін даярлау бағдарламасына да ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйрету енгізілді. Бұл сарбаздарға әскери қызмет барысында дрондарды басқару дағдыларын меңгеруге септігін тигізеді.
Дрон операторларын дайындықтан өткізу Қазақстандағы әскери реформаның жаңа жоспарына да енгізілген. Академия курсанттары алған білімдерін тәжірибеде қолданып жүр. Соның бір дәлелі – FPV-дрондарды басқару бойынша жарыстардағы жоғары нәтижелері.
Мәселен, Астанада күштік құрылымдар арасында өткен FPV-дрондарды басқару жарысында Ұлттық ұлан Академиясының курсанты Исмаил Мусин 14 команданың арасынан «Ұшқышсыз ұшу аппаратынан граната тастау» жаттығуында үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын иеленді.
– Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару зейінді, дәлдікті және тұрақты жаттығуды талап етеді. Мұндай сабақтар болашақ қызметімізге қажетті дағдыларды қалыптастырады. Академияны бітіргеннен кейін білімімді жеке құраммен жұмыс барысында қолданып, сарбаздарға дрон басқаруды үйретіп, өз тәжірибеммен бөлісуді жоспарлап отырмын, – деді курсант Исмаил Мусин.
Заманауи технологияларды меңгеру болашақ офицерлердің кәсіби даярлығын жетілдіріп, әскери бөлімдерде жаңа тәсілдерді қолдануына жол ашады.
#REPUBLICDAY
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі









