Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 187-бабына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде жұмыс беруші:
1. зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған жағдайда оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;
2. тергеп-тексеру басталғанға дейін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болған жердегі жағдайды (жабдықтар мен механизмдердің, еңбек құралдарының жай-күйін) оқиға болған сәттегі қалпында сақтауға, егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе және өндірістік процестің үздіксіздігі бұзылған жағдайда аварияға әкеп соқпаса, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге;
3. жазатайым оқиға туралы зардап шеккен адамның жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына дереу хабарлауға, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабарлама жіберуге;
4. еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерінің оқиға болған жерге кіруіне рұқсат беруге міндетті.
2. Жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша бір тәулік ішінде дереу мынадай органдарға хабарлайды:
1. аумақтық бөлімшеге;
2. қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдарда орын алған жазатайым оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне;
3. кәсіптік ауру немесе улану жағдайлары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне;
4. жұмыскерлердің өкілдеріне;
5. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 4 мамырдағы № 321-VI Заңына сәйкес алып тасталған;
6. жазатайым оқиға болған жердегі құқық қорғау органына, сондай-ақ арнайы тергеп-тексерілуге жататын жағдайларда өндірістік және ведомстволық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарға.
2-1. Жұмыс беруші жұмыскердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруы кезінде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымына жазатайым оқиғаның болғаны туралы өзіне белгілі болған кезден бастап дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
Толығырақ сілтеме арқылы көре аласыз: https://www.gov.kz/org/abai-enbek/press/media/details/90362?lang=ru








