Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша Департаментінің «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің» бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы Смадияр Алдияр Шаниярұлы аталмыш тақырыпта түсіндірме жұмысын жүргізді
Бүгін жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесіне тоқталғым келеді.
Еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – жай ғана ережелер мен талаптарды сақтау емес. Бұл – әрбір адамның жұмысқа аман барып, кешке отбасына аман-есен оралуы.
Өкінішке қарай, жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарау кейде ауыр жағдайларға, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін. Сондықтан өндірістік жарақаттанудың алдын алу – баршамызға ортақ міндет.
Осы ретте жұмыс берушілер ең алдымен қызметкерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, жұмыс орындарындағы қауіпті факторларды анықтап, оларды азайтуға міндетті.
Сонымен қатар жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен нұсқамалар жүргізіп отыруы қажет.
Ал жұмыскерлер өз кезегінде еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, берілген қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануы, жабдықтармен жұмыс істеу тәртібін орындауы және өз өмірі мен әріптестерінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер жұмыс орнында қауіпті жағдай анықталса, бұл туралы дереу басшылыққа хабарлау қажет.
Өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қауіп-қатерді алдын ала бағалау, жабдықтардың жарамдылығын тұрақты тексеру, жұмыс орындарында тәртіп сақтау және қызметкерлердің қауіпсіздік бойынша білімін үнемі жетілдіру маңызды. Ең бастысы – қауіпсіздік талаптарын тек тексеріс кезінде емес, күнделікті жұмыс барысында сақтау.
Облысымызда да еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелеріне назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жазатайым оқиғалардың болуына жол бермеу.
Құрметті жұмыс берушілер мен жұмыскерлер! Қауіпсіздік шараларын кейінге қалдырмаңыздар. Кез келген ережені елемеу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Еңбек қауіпсіздігі – жай ғана талап емес, адам өмірінің кепілі. Әрбір азаматтың қауіпсіз еңбек етуі мен отбасына аман-есен оралуы – бәріміз үшін маңызды!
Толығырақ: https://t.me/enbekturkistan/553









