Шымкент қаласында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) өтті.
Биылғы іс-шараға 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысып, жалпы құны $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы инвестициялық жобалармен танысты. Олардың қатарында Шымкенттегі Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысы бар.
Пленарлық отырыста қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те сөз сөйлеп, қаланың инвестициялық әлеуеті мен экономикалық даму бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ KGIR-2026 аясында Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн инвестиция көлемінде ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Бұл жобалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.









