Шымкентте металлургиялық кәсіпорындарға арналған жаңа индустриялық аймақ құрылады

    📌 Шымкентте металлургия саласындағы кәсіпорындарды орналастыруға арналған «Темір» жаңа индустриялық аймағы құрылады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің қалаға жұмыс сапары барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы қолданыстағы индустриялық аймақтардың толымдылығы 90%-ға жеткен. Осыған байланысты төрт индустриялық аймақты кеңейту және жаңа өндірістік алаң құру жұмыстары басталған. «Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда 354 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Салық түсімдерінің көлемі 114 млрд теңгеден асты», – деді Айдын Кәрімов.

    📍 Қаладағы индустриялық аймақтар өндірістің әртүрлі бағыттарына маманданған. Атап айтқанда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жеңіл, химия және мұнай-химия өнеркәсібіне, сондай-ақ машина жасау саласына бағытталған. «Бозарық» индустриялық аймағында негізінен тамақ өнеркәсібі дамыса, көлік-логистикалық орталық қоймалау және тасымалдау қызметтеріне маманданған. Ал «Жұлдыз», «Тассай» және басқа да индустриялық аймақтарда өңдеу өнеркәсібінің түрлі салаларындағы кәсіпорындар орналасқан.

    📈 Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 12%-дан астам өсті. Қазақстанда өндірілетін кілемдер мен кілем бұйымдарының, сондай-ақ алюминий банкаларының өндірісі толығымен қалада шоғырланған. Бұдан бөлек, еліміздегі фармацевтикалық өнім өндірісінің 40%-дан астамы Шымкенттің үлесіне тиесілі. Жаңа «Темір» индустриялық аймағын құру және қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту инвестиция тартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы" жаңалықтары