ТҮРКІСТАНДА АҚЫН ӨМІРБАЙ СӘУІРБАЕВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

    1 / 3
    Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Сәуірбаевтың 80 жылдығына арналған «Өмірі өлең, өлеңі үмітке айналған ақын» атты еске алу кеші өтті. Өмірінің 51 жылында мол әдеби мұра қалдырған ақынның шығармашылығы оқырманға «Сырымды айтам адамдар», «Ардағым», «Мен өмірді сүйемін», «Ақ дидарын көргенде» атты кітаптары арқылы кеңінен таныс. Іс-шара аясында ақынның «Өмір мен үміт» атты таңдамалы өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Жаңа жинаққа ақынның өлеңдері топтастырылып, оның рухани мұрасы оқырманға қайта ұсынылды.
    Естелік кешті ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым жүргізді. Іс-шара барысында белгілі ақын, драматург Сайлаухан Жоланов Өмірбай Сәуірбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көрініс қойды. Сонымен қатар ел ақсақалдары Жарқынбек Құлбайымбетов пен Қыдырәлі Рысбеков, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, ақын-сазгер Асқар Дүйсенбі және Мырзахан Байтұрсын, ақынның қарындасы Өзипа Сәуірбаева сөз сөйлеп, қаламгердің әдеби мұрасы мен адамдық болмысы туралы естеліктер айтты. Кеш соңында «Өмір мен үміт» кітабының тұсауы кесілді.
    Өмірбай Сәуірбаевтың «Түркістанда тумаса да адамдар, Түркістанда тұрғанына мақтанған!» деген жыр жолдары туған жерге деген сүйіспеншіліктің символына айналды. Ақынның шығармашылығы мен рухани мұрасы кейінгі ұрпаққа тағылым болып, оқырман жүрегінен орын ала бермек.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары