Бүгін мүгедектік белгіленгеннен кейін мемлекет тарапынан көзделген қолдау шараларын алу үшін не істеу қажет деген маңызды сұрақты қарастырамыз.
Біріншіден. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақының тағайындалғанын нақтылаңыз. Егер мүгедектік алғаш рет белгіленсе, төлемнің проактивті форматта тағайындалғанын немесе қосымша өтініш беру қажеттігін анықтау маңызды. Егер өтініш беру қажет болса, оны электрондық үкіметтің eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы жасауға болады.
Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша әлеуметтік төлем алуға құқылы болуы мүмкін. Бұл төлем бұрын, мысалы, жұмыс істеген кезеңде өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген адамдарға белгіленген шарттар сақталған жағдайда тағайындалады.
Екіншіден. Оңалтудың жеке бағдарламасына (ОЖБ) назар аударыңыз. Онда қажетті оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтер қарастырылуы мүмкін. Мысалы, мүгедектер арбасы, есту аппараты және басқа да құралдар адамның жеке қажеттіліктері мен медициналық көрсетілімдеріне қарай ұсынылады.
Үшіншіден. Өзіңізге қандай әлеуметтік қызметтер тиесілі екенін анықтаңыз. Тиісті негіздер болған жағдайда, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтері және басқа да қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.
Өз құқықтарыңызды біліңіз және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мүмкіндіктерін пайдаланыңыз!









