Агенттік банктер үшін азаматтардың жолданымдары мен берешегін реттеу бойынша жеке көрсеткіштерді белгіледі

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың төрағалық етуімен азаматтардың жолданымдарын қарау сапасын арттыру, проблемалық берешекті реттеу және қаржы омбудсманының жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

    Кеңес қорытындысы бойынша барлық банктер үшін үш бағыт бойынша жеке сандық және сапалық негізгі көрсеткіштер айқындалды. Олар азаматтардың жолданымдарын қарау сапасын, проблемалық қарыздар санын азайтуды және берешекті реттеудің нәтижелілігін қамтиды.

    Банктердің жұмысын бағалау жолданымдардың уақтылы және толық қаралуын, қайталанған және негізделген шағымдар, көмек алған қарыз алушылар санының қысқаруын және олардың төлем тәртібін қалпына келтірілуін ескеретін болады. Finkelisim платформасында азаматтардың бірнеше кредитор алдындағы берешегін ұжымдық реттеуге ерекше назар аударылатын болады.

    «1 шілдеден бастап біз іс-қимылды бақылауға көштік. Біз үшін қаржы ұйымдарының қаржы нысана кредит берудің барлық кезеңінде қарыз алушылармен қалай жұмыс істейтіні, қаржы өнімдерінің шарттары қаншалықты әділ екендігі және кредитті өтеуде қиындықтар туындаған кезде азамат қандай көмек алатыны өте маңызды. Бүгінгі күні Агенттіктің негізгі басымдықтары – мерзімі өткен берешекті реттеу және қаржылық алаяқтықтан зардап шеккен қарыз алушылардың құқықтарын қорғау. Жұмыстың нәтижесі жолданымға дұрыс жауап беру емес, қарыз алушының проблемасын нақты шешу болуға тиіс», – деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

    Бұл жұмысты үйлестіру үшін азаматтардың жолданымдарын қарау сапасын арттыру, проблемалық қарыздар санын азайту, проблемалық берешекті реттеу және қаржы омбудсманының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жедел Штаб құрылатын болады. Белгіленген көрсеткіштердің орындалуына мониторингтеу және банктер жұмысының нәтижелерін қарау ай сайын жүргізілетін болады.

    Қаржы омбудсманының жұмысын ұйымдастыру шеңберінде цифрлық платформа – FinOtinish де орнатылуда. Жүйе азаматтардың жолданымдарын қабылдауды және сүйемелдеуді, қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылды және шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Қабылданған шешімдер банктердің жолданымдармен жұмыс істегені үшін жауапкершілігін арттыруға, азаматтарды реттеу шараларымен қамтуды кеңейтуге және проблемалық берешекті тұрақты төмендетуге бағытталған.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    [email protected]

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары