Арыстық жас құсбегі Махмұтхан Заки «Шығыс салбурын – 2026» І Азия кубогында топ жарды. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында өткен мәдени-этноспорттық фестивальге 10 мемлекеттің құсбегілері қатысты. Екі күнге созылған дүбірлі додада ұлттық спорт түрлері дәріптеліп, қатысушылар өзара бақ сынады. Фестиваль аясында жігіттер асау үйретіп, саятшылар қыран құстарын баптау мен аңға салудағы өнерлерін көрсетті.
Жарыста «Арыс» спорт клубының саятшылық бөлімінің жаттықтырушысы, белгілі құсбегі Мәди Қалходжаевтың шәкірті Махмұтхан Заки «Текелі» лақап атымен танылған қаршығасымен жоғары нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан озып шықты. Осылайша, жас саятшы І Азия кубогының жеңімпазы атанды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









