ТЖМ-нің аға буын өкілдерінің жылыту кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы қарқын алып келеді. Бастамаға танымал спортшылар, әртістер, блогерлер мен қоғам қайраткерлері қолдау білдіруде.
Сонымен қатар құтқарушылар тұрғындардың үйлерін аралап, кеңес беріп, практикалық көмек көрсетуді жалғастыруда. Олар жылыту жабдықтарын, мұржаларды, электр сымдары мен газ құрылғыларын тексерудің маңыздылығын еске салады. Жылыту кезеңін қауіпсіз өткізу аясында әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың 1,7 мың үйіндегі пешпен жылыту жүйесін жөндеуге, шамамен 1,8 мың үйдегі электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіруге көмек көрсетілді. Сондай-ақ 3 мыңнан астам үйдің мұржасы күйеден тазартылып, қауіпті газдар мен жану өнімдерінің жоғары концентрациясын анықтайтын 11 мыңнан астам датчик орнатылды.
ТЖМ-нің өрттің алдын алу шараларын қолдап, акцияға қазақстандық чемпиондар, әртістер, спортшылар, әншілер, музыканттар мен блогерлер қосылды. Олар бейнероликтер мен әлеуметтік желілер арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салып, қазақстандықтарды жақындарына қамқорлық танытуға шақыруда. Бастама бүкіл ел бойынша кеңінен таралып келеді. Профилактикалық жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, волонтерлер мен өңір тұрғындары атсалысуда.
Акцияның негізгі үндеуі қарапайым: ата-ананың қауіпсіздігі біздің қамқорлығымыздан басталады. Танымал тұлғалар бастаманы қолдау арқылы қоғам назарын өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына аударып, әр адамның жақындарын қорғауға өз үлесін қоса алатынын көрсетуде.
Ата-анаңыздың үйіне барып, өрт қауіпсіздігін тексеріңіз, әлеуметтік желілерде өз үлгіңізбен бөлісіп, қамқорлық эстафетасын достарыңыз бен жақындарыңызға жолдаңыз. Кезінде ата-анамыз бізді қорғады. Енді оларға қамқорлық жасау кезегі бізге келді!









