Әлеуметтік қызметкер Нұргүл Елемесқызы: «Қариялардың батасын алғанның өзі – бір бақыт»

    1 / 4

    Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, олардың тұрмысын жеңілдетуге атсалысады. Әсіресе, қарттардың жағдайын сұрап, күнделікті тіршілігіне көмектесу, көңілін аулап, жылы сөз айту – осы мамандық иелерінің маңызды міндеттерінің бірі.

    Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл мереке 25 қазанға Республика күніне сәйкес келеді. Елімізде әлеуметтік қызмет саласында 40 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның 12 мыңнан астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Осы салада 17 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Нұргүл Елемесқызы үшін бұл қызметтің орны ерекше. Оның бұл мекемеге келуі де кездейсоқтық емес. 2008 жылы автобуспен өтіп бара жатып, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын көреді. Осында жұмыс істеп, қариялардың қасында болсам деген ойын айтқан. Көп ұзамай сол тілегі орындалып, жұмысқа орналасады. Содан бері талай аға буын өкілдерінің жағдайына қанығып, қолынан келгенше көмегін аямай көрсетіп келеді.

    Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, бұл қызметте адамға ең алдымен мейірім мен сабырлық қажет. Ол қариялардың әрқайсысына өз жақынындай қарап, көңілін табуға тырысады. Олардың жүзінен қуаныш көріп, ақ батасын алу ерекше күш береді.

    «Осы кісілерге көмектескенде, өз ата-анамды көргендей боламын. Қариялардың көзіне қарап, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Күн сайын баталарын алып жүрміз. Алғысын естудің өзі бір бақыт қой», – дейді Нұргүл Елемесқызы.

    Ол өз мамандығын жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Тіпті, қайта өмірге келсе де, осы салада еңбек еткісі келеді екен.

    «Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Егер екінші өмірім болса да, осы мекемеге қайта келіп, қариялармен жұмыс істер едім. Оларға көмектесіп, баталарын алған қандай жақсы! Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме ризамын», – дейді әлеуметтік қызметкер.

    Нұргүл Елемесқызы жастарды да осы салаға келіп, үлкендерге қамқор болуға шақырады. Оның пікірінше, бұл жұмыста әр адамға шын көңілмен қарау, мұқтаждығын түсіну және қолдау көрсету маңызды.

    «Жастарға айтарым, осы жұмысқа келсеңіздер, шын жүректеріңізбен істеңіздер. Қариялардың батасын аласыздар. Дана халқымыз «батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Үйде де өз ата-аналарыңызға жақсы қараңыздар. Біздің елімізде осындай орталықтар мен жанашыр қызметкерлер барда, қарияларымыз қараусыз қалмайды деп сенемін. Біз оларға өз ата-анамыздай қараймыз», – деп түйіндеді кейіпкер.

    17 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған Нұргүл Елемесқызы алдағы уақытта да сүйікті ісін жалғастырғысы келеді. Ол үшін қариялардың амандығы, көңілінің тыныштығы мен ақ батасы – ең үлкен қуаныш.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕКТТІК МЕКЕМЕСІ" жаңалықтары