РЕЦЕПТ БОЙЫНША ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ БЕРУ ҚАҒИДАЛАРЫН САҚТАУ ТУРАЛЫ

    Халықты сапалы, тиімді дәрілік заттармен қамтамасыз ету және оларды бақылаусыз қолданудан туындайтын қауіптердің алдын алу – еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі.
    Емнің қауіпсіз әрі тиімді болуы үшін дәрілік заттарды тағайындау және беру қағидаларын сақтау маңызды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, кейбір дәрілік заттарды дәрігердің рецептісінсіз сатып алуға болады, ал басқалары тек рецепт арқылы беріледі.
    Рецептпен берілетін дәрілік заттарға бактерияға қарсы, гормондық және басқа да препараттар жатады. Оларды қолдану үшін медициналық көрсетілімдер болуы және медицина мамандарының бақылауы қажет.
    Дәрілік заттарды дұрыс қолданбау немесе бақылаусыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіріп, жанама әсерлерге, препараттардың бір-бірімен жағымсыз әсерлесуіне және түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе антибиотиктерді бақылаусыз қолдану қауіпті. Бұл микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға төзімділігін арттырып, жұқпалы ауруларды емдеу тиімділігін төмендетеді.
    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің аумақтық департаменттері фармация нарығына қатысушылар арасында рецептпен берілетін дәрілік заттарды босату қағидаларын тұрақты түрде түсіндіріп отырады. Бұл ретте заң талаптарының сақталуына және дәріханаларда мұндай дәрілік заттардың тиісті рецептісіз берілмеуіне ерекше назар аударылады.
    Түсіндіру жұмыстарымен қатар, дәріханаларда дәрілік заттарды сату талаптарының сақталуы да тексеріледі. 2026 жылдың 9 айында дәрілерді рецептісіз сату фактілері бойынша 79 әкімшілік хаттама толтырылды. Хаттамаларда көрсетілген жалпы сома 17,2 млн теңгені құрады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар