«Amicus Curiae Challenge» байқауының жеңімпаздары Сот төрелігі академиясында болашақ судьяларды даярлау процесімен танысты

    1 / 7

    «Amicus Curiae Challenge» байқауының жеңімпаздары Сот төрелігі академиясында болашақ судьяларды даярлау процесімен танысты

    Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша Сот төрелігі академиясында «Amicus Curiae Challenge» байқауының жеңімпаздары – студенттер үшін экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара заң мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттерді судья кәсібімен, сот жүйесіне кадрлар даярлаудың ерекшеліктерімен және Сот төрелігі академиясында білім алу мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталған кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында өткізілді.

    Қатысушыларға Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин құттықтау сөз сөйледі. Ол мұндай бастамалардың болашақ заңгерлердің кәсіби қалыптасуы, құқықтық мәдениетті дамыту және жастардың сот жүйесіне деген қызығушылығын арттыру үшін маңыздылығын атап өтті.

    Сапар барысында студенттер Академияның білім беру бағдарламаларымен және болашақ судьяларды даярлау ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар криминалистикалық полигонды, модельдік сот процестерін өткізуге арналған оқу аудиторияларын және кітапхананы аралады.

    Экскурсия студенттерге Академиядағы оқу жағдайлары, білім беру процесінің практикалық құрамдас бөлігі және болашақ судьялардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар туралы түсінік алуға мүмкіндік берді.

    «Amicus Curiae Challenge» байқауы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотымен әріптестікте Нидерланд Корольдігі Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің жобасы аясында өткізіледі.

    Жоба құқық үстемдігін нығайтуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және Amicus Curiae институтын – сот қарайтын мәселелер бойынша сараптамалық құқықтық қорытындылар ұсыну тетігін дамытуға бағытталған. Қатысушылардың конституциялық-құқықтық мәселелер бойынша қорытындылар дайындау саласындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының конституциялық іс жүргізуге қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі" жаңалықтары