АНКАРАДА «ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚҰРЫЛТАЙ ДӘСТҮРІ: ТАРИХИ ЖАД ПЕН МЕМЛЕКЕТТІЛІК» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

    1 / 11

    Анкара,2026 жылғы 21 қазан – Республика күні мен Тәуелсіздіктің
    35 жылдығына орай «Түркі әлеміндегі Құрылтай дәстүрі: тарихи жад пен мемлекеттілік» тақырыбында конференция өтті. Іс-шара аясында «Құрылтай феномені» кітабының түрік тіліндегі нұсқасының тұсаукесері ұйымдастырылды.

    Іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әділет және даму партиясы Бас төрағасының түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі орынбасары Күршад Зорлу, Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Әділ Ахметов, кітап авторлары шығыстанушы ғалым Оразбай Зәріпбай мен мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.

    Конференция барысында түркі халықтарының тарихи-саяси дәстүріндегі Құрылтай институтының орны мен маңызы, оның мемлекеттіліктің қалыптасуындағы рөлі және тарихи сабақтастығы талқыланды. Қатысушылар Құрылтайдың түркі дүниесіне ортақ тарихи мұра ретіндегі мәніне тоқталып, оның дәстүрлі қоғамдық-саяси институт ретінде қазіргі кезеңдегі маңызын атап өтті.

    «Құрылтай феномені» кітабының түрік тіліндегі тұсаукесері Қазақстанның тарихи мұрасы мен саяси дәстүрлерін түрік оқырмандарына кеңінен таныстыруға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми оқиға болды. Басылымның жарық көруі екі елдің ғылыми және академиялық ортасы арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ ортақ тарихи құндылықтарды тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

    Бұдан бөлек Қазақстаннан келген қонақтар Түркияда білім алып жүрген қазақстандық студенттермен бас қосып, елімізде орын алып жатқан конституциялық өзгерістер бойынша пікір алмасты.

    Іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қатынастарды, ортақ тарихи мұра мен рухани құндылықтарға негізделген ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Түркияда білім алып жатқан жастарымызбен еліміздегі оң үдерістерді талқылауға үлес қосты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары