Алматыда «Жас сақшы» атауымен 16-сынып ашылды

    Республика күні қарсаңында Алматыдағы №210 мектеп-лицейде «Жас сақшы» полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды. Бұл қаладағы осындай бағыттағы 16-сынып. Мұнда Отанға қызмет ету, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіруге ниетті 8-сыныптың 24 оқушысы қабылданды.

    Салтанатты шараға Алматы қаласы Полиция департаментінің басшылығы, Генералдар кеңесінің өкілдері, ардагерлер, ұстаздар, ата-аналар мен полиция қызметкерлері қатысты.

    Жаңа сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Ерлан Бопырбаевтың есімі берілді. Бұл бастама батыр полицейдің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа ерлік, адалдық пен қызметтік борышқа беріктіктің үлгісін көрсетуге бағытталған.

    Шара барысында оқушылар жас сақшылардың салтанатты антын қабылдады. Қонақтарға полиция қызметкерлері мен мектептің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Полиция департаментінің оркестрі музыкалық бағдарлама ұсынды. Сонымен қатар оқушылар полиция бөлімшелерінің жұмысымен және заманауи техникалық құралдармен таныстыратын тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.

    Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мұндай сыныптардың ашылуы жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және заңды құрметтеуге тәрбиелеуде маңызды екенін атап өтті.

    «Жастардың кішкентай кезінен заң мен тәртіптің мәнін түсініп, қоғам мен ел алдындағы жауапкершілігін сезінгені маңызды. «Жас сақшы» сыныбы полиция мамандығымен танысумен ғана шектелмейді. Бұл балалардың бойына азаматтық жауапкершілік, адамға құрмет, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге және оларды қорғауға дайын болу сияқты қасиеттерді сіңіруге мүмкіндік береді.
    Сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптесіміз Ерлан Бопырбаевтың есімі берілгенінің де маңызы зор. Оның есімі оқушыларға ерлікті, антқа адалдықты және қоғам алдындағы жауапкершілікті еске салып тұрады. Осында алған білімдері мен ұстаздарының қолдауы балалардың елге лайықты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін», – деді Айдын Кабдулдинов.

    «Жас сақшы» сыныптарын дамыту полиция мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтуға, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары