Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін бокстан XIV халықаралық турнир өтіп жатыр. Алты күнге жалғасатын жарыста Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Қырғызстанның 2011–2012 жылдары туған 200-ден астам жас боксшысы бақ сынайды. Спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.

Турнир алғаш рет 2012 жылы Серік Сәпиев Лондон Олимпиадасында топ жарғаннан кейін ұйымдастырылды. Содан бері жарыс халықаралық деңгейге көтеріліп, қатысушылар қатары да кеңейді. Кейін турнирге ұлдармен бірге қыздар да қатыса бастады.

– Қарағанды облысы талантты спортшыларды түлеткен өңір ретінде танымал. Ұлттық құрама сапында әрдайым қарағандылық боксшылар бар, ал аймағымызда бокстың бай тарихы қалыптасқан. Осындай турнирлер арқылы біз сол дәстүрді жалғастырып, спорттың дамуына үлес қосып келеміз. Жарыс барысында жас боксшылар шеберлігін шыңдап қана қоймай, шетелдік қарсыластарымен күш сынасып, халықаралық тәжірибе жинақтайды. Мұндай кездесулер олардың алдағы жарыстарға психологиялық тұрғыдан да дайындалуына көмектеседі, – деді Серік Сәпиев.
Қарағанды облысының атынан турнирге 100 спортшы қатысып жатыр. Олардың 75-і – ұл, 25-і – қыз. Жас боксшылардың кейбірі үшін бұл жарыс өз шеберлігін жаңа деңгейде сынап, әлеуетін көрсетуге берілген маңызды мүмкіндік.

Дін Мұхаммед Ержанов бокспен бесінші жыл айналысып келеді. Ол шаршы алаңға әкесі мен ағасының жолын үлгі тұтып келген.

– Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін өтетін турнирге қатысу мен үшін үлкен мақтаныш. Біз жарысқа тыңғылықты дайындалдық, көп жаттығып, шеберлігімізді арттыруға күш салдық. Жүлдегерлер үштігіне ілігемін деп үміттенемін, – деді жас боксшы.
14 жастағы Ерсұлтан Мағрипбек бокспен алты жылдан бері айналысады. Осы уақыт ішінде облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Қазір ол Әлия Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып жүр. Серік Сәпиев жүлдесі үшін өтіп жатқан турнирде Ерсұлтан Тәжікстаннан келген қарсыласын жеңіп үлгерген.

– Бұл жарысқа қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Жақсы дайындалдым, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Қарсыластарымның ішіндегі ең мықтыларының бірі – Астанадан келген боксшы. Екеуміздің кездесуіміз тартысты болады деп ойлаймын, – деді Ерсұлтан.









