Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамытуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ерекше мән беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселелеріне және азаматтарды табиғатты қорғау бастамаларына тартуға айрықша көңіл бөледі. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі - тұрғындарды тазалық пен абаттандыру ісіне жұмылдыратын жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы.
Петропавлда осы бастама аясында «ЭКО-БАРАБАН: айналдыр да, әрекет ет!» атты интерактивті командалық ойын өткізіліп, ағаштар отырғызылды және «Волонтерлер аллеясы-2026» ашылды. Іс-шара Подгора шағын ауданында ұйымдастырылып, жастарды, волонтерлерді және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шараның негізгі оқиғасы «ЭКО-БАРАБАН: айналдыр да, әрекет ет!» командалық ойыны болды. Интерактивті формат қатысушыларға экология саласындағы білімдерін тексеруге мүмкіндік берді. Олар барабанды айналдырып, түскен секторға сәйкес тапсырмаларды орындады, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, су мен электр энергиясын үнемдеу туралы сұрақтарға жауап берді. Бағдарламаға блиц-викторина, «Шындық па, миф пе?» ойыны және экологиялық ұғымдарды сөзсіз түсіндіруге арналған тапсырмалар да енгізілді. Мұндай формат экология тақырыбын қызықты әрі түсінікті етіп, пайдалы білімді, командалық жұмысты және еркін қарым-қатынасты ұштастырды.
Экологиялық бағдарламаның жалғасы ретінде ағаш отырғызу акциясы өтті. Подгора шағын ауданында қайың, алма ағаштары мен долана көшеттерін қоса алғанда, 100 ағаш отырғызылды. Акция су тасқынынан зардап шеккен аумақты көгалдандыруға және одан әрі абаттандыруға, сондай-ақ қиын кезеңде жерлестеріне көмектесу үшін біріккен адамдардың еңбегін есте сақтауға бағытталды.
Осы аумақта «Волонтерлер аллеясы-2026» да ашылды. Ол тұрғындарға қолдау көрсетіп, шағын ауданды қалпына келтіруге атсалысқан жандарға алғыс білдірудің, өзара көмектің және ынтымақтастықтың символына айналды. Волонтерлердің халықаралық жылында жүзеге асқан бастама еріктілер қозғалысының қоғам өміріндегі маңызын айқындай түсті.
Экологиялық акция экологиялық ағарту, көгалдандыру және волонтерлікті дамыту бағыттарын бір арнаға тоғыстырды. Бұл бастама экологиялық іс-шаралардың бір реттік акциямен шектелмейтінін көрсетті. Қатысушылар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелерін талқылап қана қоймай, қалалық аумақты абаттандыруға нақты үлес қосты. Ал «Волонтерлер аллеясы-2026» туған өлкені көркейту әр адамның жеке бастамасы мен бірлескен іс-әрекетінен басталатынын еске салып тұрады.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазаел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan









