Елордадағы №5 «Ақбота» балабақшасында «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлайды Астана әкімдінің ресми сайты.
Сынақ алаңы аясында өтіп жатқан іс-шараның мақсаты – балалардың кітапқа деген қызығушылығын ерте жастан AI платформасы арқылы арттыруды көздейді.
Аталған семинарға қалалық 8 балабақшаның өкілдері қатысып, тәжірибе алмасты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу екенін айтқан болатын. Осыған орай балабақшамызда балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Астана қаласында кітапхана бойынша биыл қыркүйек айынан бастап эксперименттік алаң жүріп жатса, соның жалғасы ретінде бүгін өтіп жатқан семинар «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» деп аталады. Бүгінгі семинарда балалар ертегімен ЖИ арқылы танысып, ертегідегі кейіпкермен тілдестіріп, тапсырмаларды орындап, одан кейін ертегіні өзінің түсінгені бойынша қиялымен суретте кескіндейді. Балалардың салған суретін ЖИ-мен тірілтіп, мультфильмге айналдырамыз. Бұл жаңа платформаны логопед, дефектолог, қазақ тілінің маманы, басқа да мамандар өз салалары бойынша пайдалана алады. Яғни, ЖИ-ді жетекші құрал ретінде қолдана алады», – дейді №5 «Ақбота» балабақшасы меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова.
Семинар ақылды кітапхананың ашылуымен басталды. Сондай-ақ, жаңа АІ платформаның мүмкіндіктері таныстырылды.
«Астана қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарда Білім басқармасы атынан, білім беруді жаңарту орталықтары тарапынан тың идеялар, жақсы бағыт-бағдарлар қолға алынып жатыр. Әсіресе, балабақшаларда эксперименттік алаңдар ашуға серпін берілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстарда балалармен жұмыс істеудің тың идеялары, инновациялық технологияны қолдану, соның ішінде ЖИ-мен жұмыс істеуге бағытталған эксперименттік тақырыптар өте көп. Бұл – қуантарлық жағдай. Қазіргі альфа балалардың ойлауы, психологияық дамуында көптеген ерекшеліктер бар. Сондықтан ЖИ арқылы, аудио-видео, түрлі ойын арқылы жүргізілетін жұмыстардың маңызы зор. Міне, осы мақсат балабақшада жақсы жолға қойылған, мамандар да осыған бағытталып, өздерінің әріптестерімен тәжірибе бөлісуде. Осы тәжірибені қала деңгейінде, тіпті республика деңгейіне шығаруға мүмкіндері бар», – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова.








