Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы «№18 қосалқы станция» шағын ауданында болып, абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарымен танысып, тұрғындармен пікірлесті.
Қала орталығынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан шағын ауданда 3 көпқабатты үй бар. Ондағы 64 пәтерде 200-ден астам адам тұрады.
Соңғы екі жылда мұндағы инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. Былтыр қоқыс алаңы мен контейнерлер орнатылып, аялдама павильоны салынды. Биыл абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасын тапты. «KEGOC» АҚ есебінен 2 шақырымға жуық жолға орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар ұзындығы 4,4 шақырым орталық су құбыры тартылды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен шұғылдануына арналған ойын және спорт алаңы абаттандырылды. Аулаларға жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған аумақ қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген. Мұнда №54 автобус қатынайды. Оқушыларды №33 мектепке арнайы тасымалдау ұйымдастырылған.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қаланың шеткі аудандарындағы инфрақұрылымды дамытуға да баса мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында «№18 қосалқы станция» шағын ауданының тұрғындарына қала әкімдігі тарапынан жақсы сыйлық болды деп ойлаймын. Екі шақырымға жуық жол жөнделіп, орталық су құбыры тартылды. Балаларға арналған ойын алаңы мен футбол алаңы жасалды. Мұның барлығы – тұрғындардың өтініштері негізінде атқарылған жұмыстар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес халық көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ең бастысы, тұрғындарды сапалы жолмен, ауыз сумен және көше жарығымен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады» – деді Берік Уәли.
Жаңа ойын алаңының ашылуына жергілікті тұрғындар ризашылықтарын білдірді.
«Бұған дейін балаларымыздың ойнайтын арнайы алаңы болмағандықтан, басқа жерлерден іздеп жүретінбіз. Енді балаларымыз көз алдымызда, заманауи әрі жайлы алаңда ойнайтын болды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Алғысымыз шексіз», – дейді шағын аудан тұрғындары.









