Астанада Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қатысты.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Ербол Қарашөкеев өңіраралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі Ленинград облысының өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және білім беру әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, оны Жамбыл облысының келешегі зор серіктестерінің бірі ретінде бағалады.
– Ресей Федерациясының жетекші индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Ленинград облысын өмір жолы мен кәсіби қызметі Жамбыл жерімен байланысты мемлекет қайраткерінің басқаруы біз үшін ерекше мәнге ие. Бұл жағдай өңіраралық қарым-қатынасымызға айрықша жылылық беріп, әріптестігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берілді.
Өңіраралық әріптестікті дамыту аясында Жамбыл облысының әкімдігі мен Ленинград облысының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді 2026-2028 жылдары іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары көзделген.
Құжатта сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және цифрландыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың 20 бағыты қамтылған.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық байланысты кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашу. Осы мақсатта Ленинград облысының кәсіпорындарына «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағының мүмкіндіктері таныстырылады.
Кездесу аясында «Zhambyl Invest» ЖШС мен Ресейдің «БАЛТОРГАНИК» ЖШҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Жамбыл облысында шымтезектің терең қабаттарындағы калий гуматы негізінде органикалық тыңайтқыш өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға бағытталған.
Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 8 млн АҚШ доллары. Қаржыландыру ресейлік компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Тараптар агроөнеркәсіп кешенінде де ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өсімдік және мал шаруашылығындағы озық технологиялар мен тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы байланысты нығайту жоспарланған.
Білім беру саласындағы ынтымақтастық пен білікті мамандар даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Осы бағытта Сосновобор политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арасында әріптестік орнату көзделген. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар А.С. Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті арасындағы байланыстарды дамыту көзделген. Тараптар ғылыми-практикалық тәжірибе алмасып, бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізеді, сондай-ақ оқытушылардың тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасайды.
Ынтымақтастық денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, жастар саясаты және спорт салаларында да жалғасын табады. Жоспарға медициналық мекемелер арасында кәсіби тәжірибе алмасу, мәдени-ағартушылық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру, музей ісін дамыту, мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ күрес, бокс және футболдан бірлескен жаттығулар мен спорттық жарыстар ұйымдастыру енгізілген.
– Біз үшін бүгін қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты істермен жалғасып, ынтымақтастықтың әр бағыты мазмұнды бастамалар мен жобаларға ұласқаны маңызды. Бүгінгі кездесу Жамбыл және Ленинград облыстары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әрі екі тарапқа да тиімді әріптестікті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.








