1 / 18
АУДАН ӘКІМІ АСЫҚАТА КЕНТІНІҢ ТАЗАЛЫҒЫН ТЕКСЕРДІ
Аудан аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының барысын бақылауды күн тәртібінен түсірмейтін аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов Асықата кентінде болып, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жүргізді.
Алдымен аудан әкімі кентке кіре беріс жол жиегінде құрылысқа арналған тас-құм сатушы нысандардың иелерімен тілдесіп, заңсыз сауда-саттықпен айналыспауды түсіндірді. Сонан соң, Әл-Фараби көшесін жаяу аралап, мейрамханалар мен кафелердің, көліктерге қызмет көрсету орындарының тазалықтарын көрді. Кентте есепке алынған 187 кәсіпкерлік нысанның 40-қа жуығы дәл осы көше бойында орналасса, оның 19-ы К-16-18 каналының үстіне салынған.
Кей кәсіпкерлердің қоқыс жинаушы мекемелермен келісім-шартқа тұрмауының салдарынан тұтынған қатты тұрмыстық қалдықтары каналға тасталған. Оған қоса, «ҚазСуШар» РМК ТОФ Жетісай бөлімшесі тарапынан аталмыш каналдың уақытылы тазаланбауы қоқыстың көптеп жиналуына әкеліп соққан.
Көлік қозғалысы толастамайтын автомобиль жолы бойындағы заңсыз сауда жасаушылар мен қызыл сызықты сақтамаған құрылыс нысандарының иелерімен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген аудан әкімі көлік пен тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп тұрған көлік жөндеу және қоғамдық тамақтану орындарының басшыларына кәсіптерінің қоршаған ортаға зиянын тигізбеуі керектігін ескертті.
Кент әкіміне ішкі көшелер мен демалыс аймақтарындағы, базар маңындағы және тұрғындар жиі жүретін көпшілік орындардағы тазалық жұмыстарының кестеден кешікпей жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі







