21 қазаннан бастап Қонаев - Бақанас автожолының бір бөлігінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады.
Қазан айының 21-і түнгі 00:00-ден бастап Қонаев - Бақанас автожолының бөлігінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады. Бақыланатын учаскенің ұзындығы - 38 шақырым 965 метр.
Бұл учаскенің ерекшелігі - жылдамдық режимінің өзгермелі болуында. Яғни жолдың әр бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық әртүрлі. Сондықтан жол белгілеріне ерекше назар аударып, әр бөліктегі шектеуді сақтаңыз.
Жүйенің қалай жұмыс істейтінін еске саламыз. Камералар көліктің учаскенің басындағы және соңындағы бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе қашықтық пен жолда жүрген уақытқа қарап, орташа жылдамдықты есептейді. Сондықтан тек камераның алдында ғана жылдамдықты азайту көмектеспейді: егер учаскеде рұқсат етілген жылдамдықтан асып кетсеңіз, құқық бұзушылық тіркеледі.
Біздің мақсатымыз - жазалау емес. Жүргізушілердің тек камера алдында емес, бүкіл жол бойы қауіпсіз жылдамдықты сақтағанын қамтамасыз ету. Жылдамдықты асыру әлі де тасжолдағы ауыр жол апаттарының басты себебі болып отыр. Сондықтан өзіңізді және жолаушыларыңызды сақтаңыз! - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.









