Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қалалық прокуратура өкілдерімен бірлесіп, қылмыстардың алдын алуға, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және заң талаптарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейд барысында бес ойын-сауық орны тексерілді. Әрбір мекеменің әкімшілігімен заң талаптарын сақтау және нысан аумағында құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар патрульдеу кезінде қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген бес адам анықталды. Әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Алкоголь өнімдерін сату қағидаларының сақталуына да ерекше назар аударылды. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған үш дүкен анықталды.
Бұдан бөлек, полицияның арнайы есебінде тұрған 17 азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізілді.
Мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу, тұрғындардың тыныштығын сақтау және қалада қауіпсіз орта қалыптастыру.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және айналасындағылардың қауіпсіздігіне құрметпен қарауға шақырады.









