Ақтөбедегі Үстел теннисі орталығында «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық эстафетасы аясында үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми туын таныстыру рәсімі өтті.
Ақтөбе әлем чемпионатының ресми туын қабылдаған Қазақстандағы үшінші қала әрі республикалық эстафетаның батыс өңіріндегі басты аялдамасы болды.
Салтанатты рәсімде әлем чемпионатының туын Қазақстан чемпионатының жүлдегері Рахман Алтынбекұлы мен халықаралық турнирдің жүлдегері Нұрай Жанаева көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шара спорттық-мәдени фестивальмен жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтары шеберлік сабақтарына, көрсетілім ойындарына және түрлі интерактивті іс-шараларға қатысты. Фестиваль аясында ұлттық өнер мен спорт үйлесім тауып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, үстел теннисінен әлем чемпионаты Орталық Азияда алғаш рет өтеді. Әлемдік дода 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астана қаласында ұйымдастырылады.
Эстафетаның келесі аялдамасы – Түркістан қаласы. Одан кейін әлем чемпионатының ресми туы елордаға жеткізіледі.









