Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қарағанды облысының он спортшысы Қазақстан атынан сынға түсіп жатыр. Олар паражүзу, паражеңіл атлетика және арбадағы теннис жарыстарына қатысуда. Жарыстың алғашқы күнінде өңір спортшылары екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

S10 санатында 100 метрге еркін жүзуден Диас Кенжебек мәреге екінші болып жетіп, күміс медаль иеленді. Спортшыны Светлана Кучина жаттықтырады. Диас 2023 жылы Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында алтын жүлдеге қол жеткізген болатын.

Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Наталья Звягинцева да күміс медаль жеңіп алды. Ол Әли Тұрғанбеков, Зүлфия Ғабидуллина және Сиязбек Далиевпен бірге 4×50 метрлік аралас кешенді эстафетаға қатысты. Наталья 2023 жылғы Пара Азия ойындарында қола жүлдегер атанған еді. Спортшының жеке бапкері – Наталья Манохина.

Ал S11 санатында 100 метрге арқамен жүзуден Роман Потапов қола медаль еншіледі. Оның Пара Азия ойындарындағы жүлделер қоржынында 2023 жылғы қола медаль да бар. Биыл Роман Қазақстан чемпионы атағын бесінші рет жеңіп алды. Ол Евгения Приходьконың жетекшілігімен жаттығады.
Қарағанды облысының спортшыларын алда тағы алты күндік жарыс күтіп тұр.









