19 қазанда «Алматы–Өскемен» автожолының 172-шақырымында полиция қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланған жүргізушіні анықтады.
Тексеру барысында Hyundai Accent автокөлігін басқарған көршілес өңірдің 20 жастағы тұрғынының көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды.
Сонымен қатар, автокөлікті басқару құқығы жоқ тұлғаға берген 26 жастағы көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа жолдауға дайындалуда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот шешімімен 20 жастағы жүргізушіге 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралын басқару құқығынсыз рөлге отырмауға және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз пайдаланбауға шақырады.









