Қазақстанда қандай мамандарға сұраныс жоғары?

    Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ жекелеген жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша байқалады. Сонымен қатар өнеркәсіптің, цифрлық технологиялардың және инфрақұрылымның дамуы азаматтарды жұмыспен қамтуға және кәсіби тұрғыдан өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

    Биыл маман тапшылығы айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, педиатрлардың 448 бос орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

    Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс сақталып отыр. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Осы орайда инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандарға да қажеттілік артуда.

    Бұл мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңғыртылуына, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның кеңеюіне байланысты. Қазіргі жұмыс берушілерден кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру де талап етіледі.

    Сұраныс жоғары тағы бір бағыт – цифрлық технологиялар саласы. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, қолданбалы бағдарламаларды жасаушылар және басқа да IT-мамандар қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалана алатын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.

    Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамына деген сұраныс жұмысшы кәсіптеріне тиесілі. Бұл экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

    Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды алдын ала даярлау мақсатында 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.

    Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді. ҚР Үкіметінің деректеріне сәйкес, бүгінде дуальды оқыту жүйесімен 552 колледждің 138 мың студенті қамтылған. Кадр даярлау процесіне шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алып жатыр.

    Мұндай оқыту форматы студенттерге кәсіпорындарда тікелей тәжірибе жинақтауға, болашақ мамандығымен танысуға және оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

    Сонымен бірге жаңа мамандық меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын пайдалана алады. Олардың қатарында жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттар бойынша білім алу мүмкіндіктері де бар.

    Жалпы, еңбек нарығындағы жағдай кадр тапшылығы еңбек ресурстарының жалпы жетіспеушілігінен гөрі, қолда бар біліктіліктердің экономика қажеттіліктеріне сәйкес келмеуімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау, практикалық дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен өзара байланысын нығайту ерекше маңызға ие.

    Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала айқындауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби бағытын өзгерту кезінде саналы шешім қабылдауға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті" жаңалықтары