Өскемен қалалық кітапханасына О.Бөкей есімі берілгеніне 10 жыл толды

    1 / 5

    Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана өзіне көрнекті жазушының есімі берілгеніне 10 жыл толуын атап өтті. Осы уақыт ішінде кітапхана дәстүрлі рухани орталықтан заманауи технологияларды меңгерген, оқырманға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын мәдени-ағартушылық кеңістікке айналды.

    2016 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 637 қаулысына сәйкес Өскемен қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Оралхан Бөкейдің есімі берілді. Содан бері кітапхана ұжымы жазушының рухани мұрасын насихаттап, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және кітапхана қызметін заман талабына сай дамытуға күш салып келеді.

    Мерейтой аясында «Оралхан Бөкеймен - 10 жыл!» атты салтанатты шара өтіп, мәдениет ошағының осы кезеңде жүзеге асырған жобалары мен жетістіктері таныстырылды. «10 жыл - 10 жетістік» атты бейнематериалда кітапхананың даму жолы, жаңа бастамалары мен оқырманға ұсынған мүмкіндіктері көрініс тапты.

    Кітапхананың маңызды жобаларының бірі - BOKEY.KZ электронды кітапханасы. Бұл платформа Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығын сақтауға, зерттеуге және кеңінен насихаттауға бағытталған. Жобаның арқасында жазушының әдеби мұрасын цифрлық форматта танып-білуге мүмкіндік туды. Бұл - қаламгер шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізудің және оларды оқырманға қолжетімді етудің заманауи жолы.

    Бүгінде кітапхана жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да осы бағыттағы бастамалардың маңызын арттыра түсті.

    Кітапханада оқырманның сұрақтарына жауап беруге арналған чат-бот жұмыс істейді. Ал «Digital Fashion» жобасы виртуалды сән әлемін ұсынып, жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығын жаңа форматта дамытуға мүмкіндік береді.

    Балаларға арналған мультстудия да ерекше назар аударуға тұрарлық. Мұнда жас оқырман алдымен өздері таңдаған кітапты оқып, оның кейіпкерлері туралы мультфильмдер жасай алады. Осылайша кітап оқу шығармашылық үдеріспен ұштасып, балалардың қиялын, ойлау қабілетін және цифрлық дағдыларын дамытуға жол ашады.

    Кітапхана мамандары фотосуреттерді жандандыру технологияларын да қолданады. Соның нәтижесінде жазушы Оралхан Бөкейдің бұрынғы фотосуреттері түрлі түске боялып, жаңа сипатта ұсынылды. Бұл тәсіл тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, қаламгердің өмірі мен тұлғасын жас буынға жақынырақ танытуға мүмкіндік береді.

    Кітапхана ұжымы заманауи технологияларды тек өз жұмысында қолданумен шектелмейді. Қызметкерлер тұрғындарға жасанды интеллект құралдарын тегін меңгеруге көмектесіп, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Осындай бастамалар цифрлық сауаттылықты арттыруға, жаңа технологияларды күнделікті өмірде тиімді пайдалануға ықпал етеді.

    Бұдан бөлек, кітапхана мамандары тәжірибе алмасуға және кәсіби білімді жетілдіруге де мән береді. Биыл 29-30 маусымда мұнда «Болашақтан қорықпау: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтті. Әр түрлі елдер мен Қазақстанның өңірлерінен келген мамандар кітапхана саласындағы жаңа үрдістерді, жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін және цифрлық дәуірдегі мәдени-ағартушылық мекемелердің рөлін талқылады.

    Бұл бастамалар кітапхананың тек ақпарат сақтайтын орын емес, жаңа білім мен технологияны меңгеруге жағдай жасайтын ашық алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.

    Кітапхана қызметіндегі маңызды бағыттың бірі - жазушының шығармашылығын насихаттау. Оралхан Бөкейдің туындылары туған өлкенің табиғатын, адам болмысын, ұлттық дүниетаным мен рухани құндылықтарды терең бейнелеуімен ерекшеленеді. Сондықтан қаламгердің есімін иеленген кітапхана үшін оның әдеби мұрасын сақтау ғана емес, оны жаңа буынға заманауи тәсілдермен таныстыру да маңызды.

    (Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары