Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті. Бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Жиынның ашылу рәсіміне Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның 10 өңірінен келген 100 волонтер қатысты.
Апталық жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Бағдарлама барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларын таныстырады. Бұдан бөлек, олар қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырады. Негізгі іс-шаралар Қызылорда облысының Арал ауданында өтеді.
Апталық аясында белсенді жастардың тәжірибе алмасу және бір-бірімен байланысын нығайту мақсатында «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті де өтті.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









