2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді

    1 / 2

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін ескере отырып, халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды.

    Алдағы өзгерістерге байланысты өңір басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

    Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева хабарлағандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау көрсетудің жаңа қағидатына көшуге дайындалып жатыр. Оның негізгі қағидасы – «алдымен — қажеттілік, содан кейін — мақсатты көмек».

    2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін жекелеген әлеуметтік төлемдер отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Ол «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы анықталады.

    «Жүйе отбасылардың жағдайын 70-тен астам критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйінің болуы, жер учаскелері мен көлік құралдарының бар-жоғы, кәсіпкерлікпен айналысуы, мал саны және басқа да көрсеткіштер бар. Бағалау нәтижесінде отбасылар әл-ауқаты жоғары деңгейден бастап экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға дейін бес санатқа бөлінеді. «А» және «В» санатындағы отбасылар негізінен өздерін дербес қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар отбасыларға жатқызылады. Ал «С», «D» және «Е» санатындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады», – деп нақтылады Ләззат Уразбаева.

    2027 жылдан бастап «А» және «В» санатындағы отбасыларға әлеуметтік төлемнің 14 түрі тағайындалмайды. Олардың қатарында бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне төленетін төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арналған төлемдер, III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға берілетін төлемдер, сондай-ақ асыраушысынан айырылған жекелеген санаттағы азаматтарға және I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын тұлғаларға арналған төлемдер бар.

    Өзгерістер қазіргі уақытта әлеуметтік төлем алып отырған азаматтарға да, алдағы уақытта төлем тағайындауға өтініш білдіретін азаматтарға да қатысты болады.

    Отбасыларды «А» және «В» санаттарына жатқызудың негізділігін тексеру мақсатында 29 195 азамат арасында сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша 3 937 адам «А» санатына, ал 25 258 адам «В» санатына жатқызылған. 27 298 жағдайда, яғни жалпы санның 93,5 пайызында, бағалау нәтижелері расталған. Ал 1 897 жағдайда (6,5 пайыз) растау алынбаған. Сауалнама нәтижелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған.

    Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта жүйе банктердің және басқа да мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастырылып жатыр. Осыған байланысты аталған санаттарға жатқызылған отбасылардың саны өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар eGov порталында азаматтарға өз отбасының санатын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы калькулятор қолжетімді.

    Талқылауды қорытындылаған Асхат Шахаров алдағы өзгерістердің себептері мен тәртібін халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, отбасының табыс деңгейіне байланысты төлемдердің тоқтатылуы нақты әрі түсінікті түсіндіру жұмыстарымен қатар жүруі керек. Әрбір азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғаны туралы нақты әрі негізделген жауап алуы тиіс. Бағалау кезінде жүйеде көзделген барлық көрсеткіштер, соның ішінде мүлік, табыс және жұмыспен қамту деңгейі ескерілуі қажет.

    Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және халықпен кездесулер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Түсіндіру жұмыстары жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп жүргізіліп, тұрғындармен кері байланыс қамтамасыз етілуі тиіс.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары