2026 жылғы 16 қазанда Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында аса қауіпті инфекция — оба ауруына күдік туындаған жолаушы анықталған кездегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Астана қаласы санитариялық-карантиндік бақылау бөлімінің Тараз қаласындағы санитариялық-карантиндік бақылау пунктінің бас маманының, Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың мақсаты — оба ауруына күдік туындаған жолаушы анықталған кездегі іс-қимыл алгоритмін пысықтау, тартылған қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және аса қауіпті инфекциялардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінуіне жол бермеу мақсатында жедел санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге дайындықты арттыру.
Оқу-жаттығу барысында тиісті қызметтерге уақтылы хабарлау, шартты түрде науқас деп танылған жолаушыны оқшаулау, эпидемиологиялық анамнез жинау, байланыста болған адамдарды анықтау, науқасты медициналық эвакуациялауды ұйымдастыру, әуе кемесі мен багажға қорытынды дезинфекция жүргізу мәселелері қаралды.
Қатысушылар белгіленген алгоритмге сәйкес практикалық іс-қимылдарды пысықтап, жедел әрекет етуге дайындығын және барлық тартылған қызметтердің өзара іс-қимылын тексерді.
Қорытынды:
Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларға бейінді қызметтердің дайындығын арттыруға және мемлекеттік шекарада санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында оба ауруының тіркелген жағдайлары жоқ.









