Таразда «Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы басталды
Тараз қаласында креативті индустрияларды дамытуға, шығармашылық әлеует пен заманауи технологияларды ұштастыруға арналған «Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы басталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бес күндік форум креативті экономика саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа бастамаларды қолдауға бағытталған.
Халықаралық форумға IT, кино, сән, дизайн, өнер, жастар бастамалары және креативті кәсіпкерлік салаларының өкілдері жиналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – шығармашылық пен инновацияны ұштастыратын идеяларды қолдау, креативті индустриялардың даму мүмкіндіктерін айқындау және жаңа жобаларды ілгерілету.
Форумның ресми ашылу рәсімі мен пленарлық сессияларына қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен салалық сарапшылар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеқұттықтауында халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тіледі. Министр өз сөзінде креативті экономиканың елдің болашақтағы әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаева форумның мақсат-міндеттері мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастардың инновациялық идеяларын қолдауға және олардың тың жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Пленарлық сессия барысында зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен креативті индустрия өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, саланың даму перспективалары жөнінде ой қозғады.
Айта кетейік, халықаралық форумның әр күні креативті индустриялардың жекелеген бағыттарына арналады. Бағдарлама аясында IT мамандары мен креативті сала өкілдерінің қатысуымен инновациялық стартаптар байқауы, воркшоптар мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ кино, сән және дизайн бағыттары бойынша конкурстар мен көрмелер ұйымдастырылады. Сала мамандары студенттермен тәжірибе бөлісіп, кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
«Taraz Creative Industries 2026» халықаралық форумы – тәжірибе алмасу мен жаңа идеяларды талқылауға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар жастардың шығармашылық бастамаларын қолдап, оларды нақты жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларға айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды платформа.









