1 / 12
Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекелік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Аудан орталығындағы Орталық алаңда өткен ауқымды шарада жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын еселеп жүрген ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі ұлықталды.
Мерекелік жәрмеңкеде ауданның ауылдық округтері мен кенттерінен келген агроқұрылымдар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, тұрғындарға 52,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімін нарықтағы бағадан 20-30 пайызға төмен бағамен сатылымға шығарды. Жәрмеңке барысында тұрғындар үшін табиғи әрі сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалды.
Шара барысында ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері кеңінен таныстырылып, асыл тұқымды малдар мен заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген шаруа қожалықтары, ауылдық округ әкімдіктері мен сала мамандары марапатталды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ел экономикасы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табыс етті.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың қанатты сөзі бар. Ауыл шаруашылығы – маңдай тер мен табандылықты, төзім мен жауапкершілікті талап ететін қасиетті еңбек. Жерге дән сеуіп, одан береке жинау – табиғатпен етене еңбек етіп, ел ырысын еселеу деген сөз. Сондықтан бүгінгі мереке – бір жылдық еңбектің қорытындысын шығарып, туған жердің төсінде маңдай терін төккен азаматтарға құрмет көрсетіп, ақжарма алғысымызды білдіретін ерекше күн. Бүгінгі «Алтын күз» мерекесі әр шаңыраққа молшылық пен береке, әр еңбек адамына абырой мен толағай табыс әкелсін! – деді аудан басшысы.
Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары көрсеткіштері үшін бірқатар ауылдық округтер арнайы марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, Созақ ауылдық округі (округ әкімі – Батырхан Аяпов) І орынға, Шолаққорған ауылдық округі (округ әкімі – Жеңісәлі Төлепбергенов) ІІ орынға, ал Жартытөбе ауылдық округі (округ әкімі – Данияр Жүсіпов) және Құмкент ауылдық округі (округ әкімі – Ерзат Балықбаев) ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар, «Әділет» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы Талғат Сейдахметұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл еңбеккерлеріне жүрекжарды тілектерін білдіріп, үздіктерді марапаттады.
«Алтын күз – 2026» шарасы мерекелік концертпен қорытындыланды. Кеш барысында қазақ эстрадасының белгілі әншісі Еркін Нұржанов, Ш. Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әншілері мен аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге әсем әннен шашу шашты.
Айта кетейік, Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылы ауданда жалпы 14 746 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде бидай – 1 012 гектар, арпа – 826 гектар, мақсары – 1 100 гектар, жүгері – 730 гектар, көкөніс – 503,8 гектар, бақша дақылдары – 508,9 гектар, картоп – 508 гектар, жаңа жоңышқа – 2 290,9 гектар және ескі жоңышқа – 7 267 гектарды құрады.
Ауылдағы ағайынның кәсібін дамытуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да нақты нәтижелер бар.
Биыл ауданда 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оларға жалпы 64 млн теңге көлемінде қаржы бағытталды. Атап айтқанда, Шолаққорған ауылдық округіндегі «Созақ груп» АШӨК-не – 34 млн теңге, Жартытөбе ауылдық округіндегі «Jartytobe broiler» АШӨК-не – 30 млн теңге қаржы қарастырылды.
Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде 9 кәсіпкерге жалпы 84 млн теңге көлемінде несие берілді. Оның ішінде 4 кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға, 4 кәсіпкер өз кәсібін дамытуға, 1 кәсіпкер ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға қаржы алды.
Саладағы өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында техникалық парк те жаңартылуда. 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның агроқұрылымдары жалпы құны 430 млн теңге болатын 29 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Бұл – шаруалардың еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісін заманауи талаптарға сай дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.








