1 / 24
ТАЭКВАНДОДАН АУДАННЫҢ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ
Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай
«Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен таэквандодан (WT) ауданның ашық біріншілігі өтті.
Жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында өткен турнирдің ашылу салтанатына Түркістан облысы таэквандо (WT) федерациясының президенті Елдос Ахметов пен «Тұран Орда» жауынгерлік клубының директоры, жекпе-жек федерациясының президенті Ернұр Тулебаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысты.
Жетісай өңірінде бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыру және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен турнирде сөз алған қонақтар жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруда, тәртіп пен төзімділікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ел болашағы саналатын жастардың дені сау, рухы мықты болып қалыптасуына спорттың қосар үлесі ерекше екеніне тоқталды.
«Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналатын таэквандо бойынша өткен бұл турнир – бұқаралық сипат алып, жастар арасында кеңінен таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жарыстар өңір спортының дамуына серпін беріп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын чемпиондарды дайындауға жол ашады» дейді Түркістан облысы таэквандо (WT) федерациясының президенті Елдос Ахметов.
Салауатты өмір салтын насихаттап, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік берген дүбірлі додаға облыстың қала-аудандарынан келген 12 командада 100-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Әр салмақ және жас ерекшеліктері бойынша өткен белдесулерде қатысушылар жоғары дайындықтарын, тактикалық шеберліктері мен төзімділіктерін көрсетіп, батылдықтарымен көзге түсті. Тартысқа толы кездесулер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған дипломдармен, медальдармен және арнайы кубоктармен марапатталды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








