18 қазан – Рухани келісім күніне орай Отырар ауданында мешіт имамдары мен жамағат өкілдері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы рухани келісім мен өзара ынтымақтастықты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Шәуілдір ауылындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт кешенінде өткен сайысқа аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Ол мұндай игі бастамалардың қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуда, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуде маңызы зор екенін атап өтті.
Жарыс барысында қатысушылар арқан тарту, гір көтеру, асық ату және ләңгі тебу секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Сайыскерлер өздерінің күш-жігері мен ептілігін көрсетіп, өзара достық пен сыйластықтың үлгісін танытты.
Рухани келісім күні аясында ұйымдастырылған бұл шара діни бірлестіктер мен жамағат арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қоғамдағы татулық пен өзара құрметті дәріптеуге бағытталды.
Іс-шара соңында сайыс қорытындысы шығарылып, үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.









