Шемонаиха тұрғынына ауладағы құрылыс қалдықтары үшін айыппұл салынды
«Таза Қазақстан» аясында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері елді мекендердегі абаттандыру қағидаларының бұзылуын болдырмау және тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Өткен демалыс күндері Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің аумағына құрылыс қалдықтарының үйілгенін анықтады. Мұндай әрекет ауланың көркін бұзып қана қоймай, тұрғындарға да қолайсыздық туғызады.
Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қабылданған шаралардан кейін құрылыс қалдықтары шығарылып, аумақ тиісті санитариялық жағдайға келтірілді.
Полиция тұрғындарды абаттандыру қағидаларын сақтауға, аулаларды қоқыспен ластамауға және тазалық пен тәртіп әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









