«Самұрық-Энерго» АҚ-ның цифрлық трансформациясы аясында жасанды интеллект технологияларын өндірістік қызметтің негізгі бағыттарына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Технологиялық шешімдер өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жабдықтардың техникалық жай-күйін диагностикалау, энергетикалық инфрақұрылымды бақылау және электр энергиясын өндіру көлемін болжау мақсатында қолданылады.
Компания нысандарында енгізіліп жатқан шешімдердің бірі – интеллектуалды бейнебақылау жүйесі. Ол бейнекамералардан түсетін ақпаратты нақты уақыт режимінде талдап, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жүйе жеке қорғаныс құралдарынсыз жүрген қызметкерлерді, қауіпті әрекеттерді және қауіпті аймақтарға кіру жағдайларын автоматты түрде анықтайды. Бұл өндірістегі ықтимал тәуекелдерді жедел анықтап, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір маңызды бағыты – жабдықтардың техникалық ақауларын алдын ала анықтау. Екібастұз МАЭС-1-де машиналық оқыту технологиялары негізінде ақауларды анықтау жобасы іске асырылуда. Жүйе жабдықтың бұрынғы және ағымдағы жұмыс көрсеткіштерін саралап, қалыптан тыс өзгерістерді анықтайды. Осылайша ықтимал ақауларды ерте кезеңде байқап, жабдықтың істен шығу қаупін төмендетуге және жоспардан тыс тоқтаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Энергетикалық инфрақұрылымды бақылауда ұшқышсыз ұшу аппараттары мен компьютерлік көру технологиялары да кеңінен қолданылуда. Дрондар нысандарды жоғарыдан түсіріп, алынған бейне және жылу түсірілімдерін жасанды интеллект көмегімен талдайды. Бұл тәсіл ақауларды жедел анықтаумен қатар, қызметкерлерді биіктікте атқарылатын қауіпті жұмыстарға тарту қажеттілігін азайтады.
Жасанды интеллект технологияларын қолдану бірқатар өндірістік операциялардың орындалу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, көмір қорларының көлемін есептеу мерзімі 10 күннен 20 минутқа дейін қысқарды. Электр беру желілерін, тіректер мен трансформаторларды тексеру уақыты 5-10 есеге азаяды. Түтін мұржаларын тексеру кезінде дрондарды пайдалану инспекцияны екі сағатқа дейін орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бақылау кезінде аэротүсірілім нәтижелерін талдау арқылы ықтимал зақымдарды уақтылы анықтау мүмкіндігі қарастырылған.
Жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір бағыты – жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын болжау. Жүйе генерация көлемін 24-72 сағат бұрын болжау үшін метеорологиялық деректерді, сондай-ақ автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйесі (АСКУЭ) мен SCADA жүйесінен алынатын ақпаратты пайдаланады.
Бұл шешімдердің тиімділігі жел электр станциялары үшін ерекше маңызды. Жел электр станцияларындағы генерация көлемі ауа райы жағдайларына, оның ішінде желдің жылдамдығына тікелей байланысты. Жобаның мақсаты – электр энергиясын өндіру көлемін болжау дәлдігін 80%-ға дейін арттыру, операциялық жоспарлау сапасын жақсарту және нақты генерация көлемінің болжамды көрсеткіштерден ауытқуын төмендету.
Жасанды интеллект технологияларын өндірістік процестерге енгізу «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздігін арттыруға, энергетикалық жабдықтардың сенімділігін қамтамасыз етуге, инспекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және энергетикалық активтерді басқару сапасын жақсартуға бағытталған.









