ТҮРКІСТАННЫҢ «ТҰРАН» КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОНАТ КӨШБАСШЫСЫН ЖЕҢДІ

    1 / 10
    Түркістанның «Тұран» футбол клубы Қазақстанның бірінші лигасындағы 25-турда өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен жеңді. Чемпионат көшбасшысына қарсы өткен тартысты кездесуде жерлестеріміз маңызды жеңіске қол жеткізді.
    Ойынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, командаға қолдау көрсетті. Өңір басшысының футболшыларға жанкүйерлік танытуы команданың жігерін жанып, жанкүйерлерге де ерекше көңіл күй сыйлады.
    Кездесудің алғашқы кезеңінде алаң иелері басымдық танытқанымен, есеп аша алмады. Ал екінші таймда түркістандықтар көздеген мақсатына жетті. Ойынның 70-минутында Арман Кенесовтің дәл берген пасын Матвей Герасимов баспен қақпаға бағыттап, жеңіс голын соқты. Осылайша, «Тұран» кездесуді 1:0 есебімен аяқтады.
    Айта кетейік, «Шахтер» бірінші лиганың чемпионы атанып үлгерген. Ал «Тұран» бұл жеңістен кейін 54 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға тұрақтады. Ең бастысы, түркістандық клуб 2027 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.
    Бұл – Түркістан футболы үшін қуанышты жаңалық. Жоғары дивизионға қайта оралу өңір спортының дамуына жаңа серпін бермек.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары