2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала тууға және оның күтіміне байланысты берілетін жекелеген бюджеттік жәрдемақыларды тағайындау шарттары отбасының сол кездегі әл-ауқат санатына қарай айқындалады. Бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер мен бюджеттен берілетін жәрдемақылардың құқықтық негіздері әртүрлі екенін ескеру қажет.
Атап айтқанда, бала тууына байланысты берілетін біржолғы бюджет жәрдемақысы C, D және E санатындағы отбасыларға тағайындалады. Ал жұмыс істемейтін аналарға баласы бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты бюджет жәрдемақысы мұқтаждық өлшемшартына сәйкес беріледі. А және В санатындағы, яғни әл-ауқаты жоғары отбасыларға аталған бюджеттік төлемдер заңнамада көзделмеген.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы төленетін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан, заңда белгіленген талаптар сақталып, төлем алуға құқығы болған жағдайда толық көлемде төленеді. Ұсынылған материалдарға сәйкес, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде екі жыл қатысқаны расталған әйелдерге МӘСҚ-дан төленетін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем де отбасының санатына қарамастан толық көлемде беріледі.









