Қазақстанда бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Бұл ретте жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер үй шаруашылығының әл-ауқат санатына қарамастан сақталады. Республикалық бюджеттен қандай отбасылар жәрдемақы ала алатынын және анасы декреттік демалыс аяқталмай жұмысқа ерте шыққан жағдайда төлемдер тәртібі қалай өзгеретінін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында түсіндірді.
Спикердің айтуынша, декреттік демалысқа шығатын жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер сақталады. Атап айтқанда, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдер отбасының әл-ауқат санатына қарамастан беріле береді.
Ал республикалық бюджеттен төленетін бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы А және В санатындағы отбасыларға тағайындалмайды.
С, D және Е санатындағы отбасылар үшін төлемдер республикалық бюджеттен де, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да сақталады.
«Егер ана бала туылғанға дейін жұмыс істемесе, қандай өзгерістер болады? Бұл жағдайда А және В санатындағы отбасылар республикалық бюджеттен төлем алмайды. Егер ана жұмыс істемеген болса және С, D немесе Е санатына жатса, оған республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді», – деп нақтылады министр.
Асқарбек Ертаев жұмысқа декреттік демалыс аяқталмай шыққан жағдайда бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты төлемдердің сақталуы жөніндегі жиі қойылатын сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, аналар жұмысын жалғастыра отырып, әлеуметтік төлемдерден айырылмай бала күтімімен айналыса алады.
Сонымен қатар министр декреттік төлемдердің ерлер мен әйелдерге берілуіне қатысты мәселені түсіндірді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүктілік пен босануға байланысты төлемдер тек әйелдерге қарастырылған.
«Неліктен екенін түсіндірейін. Өйткені жәрдемақының өзі өзгеріп жатыр: атауы да, мақсаты да өзгереді. Енді жәрдемақы ана болуға байланысты төлем деп аталады. Тиісінше, бұл төлем ана мен балаға, ананың денсаулығын қалпына келтіруге, оған қолдау көрсетуге және басқа да қажеттіліктерге бағытталған. Ер адам декреттік демалысқа шығып, баласына күтім жасай алады, бірақ бұл жәрдемақыны алмайды. Төлем тек анаға беріледі. Яғни ана жұмысқа шықса да, бала бір жарым жасқа толғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алады. Бұл А және В санатындағы отбасыларға қатысты. Ал егер ана С, D немесе Е санатына жатса, ол республикалық бюджеттен де, жұмыс істеген жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төлем алады», – деп толықтырды министр.









