А санатына ауқатты, оның ішінде ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері бар үй шаруашылықтары жатады. Қазақстанда бұл санатқа 329 мың үй шаруашылығы немесе олардың жалпы санының 5%-ы кіреді. Негізгі критерийлерге отбасының әр мүшесіне шаққандағы ай сайынғы табыстың 350 мың теңгеден басталуы және бір адамға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейінің 120 шаршы метрден асуы жатады. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Сонымен қатар бұл санатқа ірі кәсіпорны, екі немесе одан да көп орта кәсіпорны не үш және одан да көп шағын кәсіпорны бар азаматтар жатқызылуы мүмкін. Сондай-ақ Rolls-Royce, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maybach және Porsche маркалы люкс санатындағы автокөліктердің болуы ескеріледі.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерінің немесе 500 бастан асатын ірі қара малдың болуы критерий ретінде қарастырылады.
«Бұл – А санатына жататын азаматтың портреті. А санатындағы отбасы қандай болады? Мысалы, алты адамнан тұратын үй шаруашылығы көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алады. Ер адам 44 жаста, әйел 42 жаста, балалары 16, 14, 10 және 7 жаста. Үй шаруашылығының әр мүшесіне шаққандағы табыс айына 458 мың теңгені құрайды. Яғни, бұл сома барлық балаларға, жұбайына және ер адамның өзіне шаққандағы табыс. Олардың 480 шаршы метрлік үйі және 300 шаршы метрлік пәтері бар. Мұны үй шаруашылығындағы алты адамға бөлсек, әр адамға 130 шаршы метрден келеді. Олардың 2023 жылғы Bentley автокөлігі бар. Сондай-ақ 150 шаршы метрлік дүкен түріндегі коммерциялық жылжымайтын мүлкі және жұбайына тиесілі бір шағын кәсіпорны, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Бұл - А санатындағы иесіздендірілген үй шаруашылығының нақты мысалы», – деп түсіндірді спикер.
В санатына тұрмысы жақсы үй шаруашылықтары жатады. Олардың қатарында топ-менеджерлер, жоғары білікті мамандар, орта буын басшылары, соның ішінде бірінші басшылардың орынбасарлары, бөлімдер мен басқармалар басшылары бар. Бұл санатқа жалпы санының 16%-ын құрайтын шамамен 1 миллион үй шаруашылығы кіреді.
Негізгі критерийлердің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы ай сайынғы табыстың 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін болуы. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасында әр адамға шаққандағы айлық табыс кемінде 305 мың теңге болуы керек.
Сондай-ақ бір адамға шаққанда жалпы ауданы 60-тан 120 шаршы метрге дейінгі тұрғын жылжымайтын мүліктің болуы ескеріледі. Отбасының меншігінде бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде пәтерлер болуы мүмкін.
Бұл санатқа бір орта кәсіпорны немесе екі шағын кәсіпорны бар азаматтар, Toyota Land Cruiser, Lexus, Mercedes-Benz және BMW маркалы премиум санаттағы автокөліктердің, сондай-ақ жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасының иелері де жатқызылуы мүмкін.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін 50-ден 300 гектарға дейінгі ауыл шаруашылығы жерінің болуы критерийлердің бірі болып саналады.
«Отбасы қандай болады? Үй шаруашылығы екі отбасынан тұрады, барлығы сегіз адам. Бірінші отбасында ер адам 58 жаста, әйел 55 жаста. Екінші отбасында ер адам 34 жаста, әйел 32 жаста, олардың 11, 8, 5 және 2 жастағы балалары бар. Олардың табысы 350 мың теңгеден басталады. Екі үйі бар: біреуі 300 шаршы метр, екіншісі 220 шаршы метр. Нәтижесінде әр адамға 65 шаршы метрден келеді. Жүк көлігі бар, мал ұстайды, мал шаруашылығымен айналысады, шартты түрде 180 бас малы бар. Сондай-ақ 120 га ауыл шаруашылығы жері бар. Міне, бұл – В санатындағы отбасының портреті», – деп толықтырды министр.









