НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЗАМАНАУИ ГҮЛ ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРКІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

    1 / 10
    Түркістан облысында заманауи технологияларға негізделген халықаралық гүл өнеркәсіптік паркін құру жобасы жоспарлануда. Жобаның негізгі мақсаты – гүл өнімдерін жыл бойы өндіруді жолға қою, отандық гүл шаруашылығының әлеуетін арттыру, Орталық Азия елдеріне экспорт көлемін ұлғайту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту.
    Облыс әкімі Нұралхан Көшеров заманауи жылыжай кешенінің құрылыс алаңында болып, ауқымды жобаның жүзеге асырылу барысын бақылады. Орталықтың орналасуы гүл өнімдерін қысқа мерзімде тасымалдауға, экспорттық логистиканы дамытуға және өнімнің балғындығын сақтауға мүмкіндік береді. Онда гүл көшеттерін өсіру, қаланы көгалдандыруға арналған сәндік өсімдіктер өндіру және кесілген гүлдерді өнеркәсіптік көлемде өсіру бағыттары дамытылады.
    Жылыжай аумағында сәндік гүл көшеттері мен біржылдық өсімдіктерді өсіруге, көпгүлді раушан гүлдері мен оның сорттарын өндіруге және гүлдерге арналған технологиялық және көрме павильонына бөлінеді. Өндірістік бағдарлама аясында петуния, барқытгүл, катарантус, вербена және басқа да сәндік өсімдіктерді өсіру көзделген. Сонымен қатар жоғары сапалы раушан гүлдерінің 14 сорты бойынша жыл бойы тұрақты өндіріс ұйымдастыру жоспарланып отыр.
    Өнімнің негізгі өткізу нарықтарының бірі – Орталық Азия елдері. Жылыжайда микроклиматты автоматты басқару, тамшылатып суару, жылыту және салқындату жүйелерін пайдалану арқылы өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай жасау көзделеді.
    Түркістан өңірінің жазы ыстық әрі құрғақ, ал көктемгі кезеңі желді болуына байланысты жобада климаттық ерекшеліктерге бейімделген инженерлік шешімдер қарастырылған. Жылыжай кешенінде жаз мезгілінде желдеткіштер мен су арқылы салқындату панельдерін пайдалану, қысқы уақытта жылыту жүйесін орнату және электр энергиясы үзілген жағдайда резервтік жабдықтарды іске қосу жоспарланған. Ғимараттардың тірек конструкциялары мен су ағызу жүйелері де өңірдің жел жүктемелерін ескере отырып жобалануға тиіс.
    Су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі қарастырылады. Жылу энергиясымен қамтамасыз етуге арналған отын шығынының алдын алытанан жүйе орнатылады.
    Гүл өнеркәсіптік паркі тек өндірістік кешен ғана емес, сонымен қатар көрме, ландшафтық дизайн және туристік бағыттарды біріктіретін көпфункционалды кеңістік ретінде жоспарланған.
    Жобаның ашық аумағында гүлдер алқабын, сәндік алма ағаштары мен сирень бақтарын, тақырыптық гүл композицияларын және ғарыш тақырыбындағы кіреберіс алаңын қалыптастыру көзделеді. Мұндай кеңістіктер келушілерге арналған көрме және фотозона қызметін атқарып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
    Сонымен бірге гүл өнімдерін алдын ала салқындату, сұрыптау, қаптау және сақтау үшін арнайы логистикалық нысандар салу қарастырылған. Бұл гүлдердің сапасын сақтауға, жеткізу мерзімдерін оңтайландыруға және экспорттық жеткізілімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
    Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, зертханалық бақылау аймағы, қызметкерлерді оқыту және техникалық қызмет көрсету нысандары да жобаның құрамына енгізілген.
    Жобаны іске асыру Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және гүл шаруашылығы бойынша жергілікті өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
    Жобаның түпкі мақсаты – Түркістан облысында заманауи технологияларға негізделген, тұрақты өндіріс пен экспортқа бағдарланған, өндірістік және туристік функцияларды біріктіретін халықаралық гүл өнеркәсіптік паркін қалыптастыру.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары