Департамент тағайындалған зейнетақыны қайта қарай ала ма?

    Департамент тағайындалған зейнетақыны қайта қарай ала ма?

    Жасына байланысты зейнетақы төлемдері зейнетақы тағайындау құқығын және оның мөлшерін айқындау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер негізінде тағайындалады. Алайда заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда, оның ішінде еңбек өтілін немесе табысын растайтын қосымша құжаттар ұсынылса, бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшері қайта қаралуы мүмкін.

    Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау және жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.

    *Қандай жағдайларда зейнетақы мөлшері қайта қаралуы мүмкін?*

    Егер зейнетақы тағайындалғаннан кейін азамат 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілін немесе 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап есептелетін кезеңдердегі табысын растайтын қосымша құжаттарды ұсынса, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері белгіленген тәртіппен өзгертілуі мүмкін.

    Қағидалардың 35-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда зейнетақы мөлшері зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде, жүргізілген арттырулар ескеріле отырып, Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес өтініш берілген күннен бастап өзгертіледі.

    *Қосымша құжаттарды қандай мерзімде ұсыну қажет?*

    Қағидалардың 23-тармағына сәйкес, зейнетақы тағайындау туралы шешім қабылдау үшін қосымша құжаттар қажет болған жағдайда, электрондық іс макеті оларды толықтыру үшін қайтарылады және өтініш берушіге қайтару себебі көрсетілген хабарлама жіберіледі.

    «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесі хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге, оның ішінде SMS-хабарлама арқылы, қосымша құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы хабарлайды. Құжаттар хабарламаны немесе SMS-хабарламаны алған күннен бастап 25 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс.

    Егер қажетті құжаттар Қағидаларда белгіленген 30 жұмыс күні ішінде ұсынылса, шешім төлем алу құқығы туындаған күн ескеріле отырып қабылдануы мүмкін. Ал құжаттар 30 жұмыс күні өткеннен кейін ұсынылған жағдайда, Қағидалардың 35 және 36-тармақтарына сәйкес, өтініш берілген күн ретінде қайта өтініш берген күн есептеледі.

    *Құжаттарды уақтылы ұсыну неліктен маңызды?*

    Мысалы, зейнетақы тағайындау кезінде оқу кезеңін, еңбек өтілін немесе төлем мөлшеріне әсер ететін өзге де мәліметтерді растау қажет болса, азамат сұратылған құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынуы керек.

    Осылайша, бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін қайта қарау заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жүзеге асырылады. Тиісті шешімді уәкілетті орган белгіленген тәртіппен қабылдайды. Қосымша құжаттарды ұсынудың салдары олардың мазмұнына, өтініш беру күніне және қолданыстағы заңнама талаптарына байланысты болады.

    Хабарлама алған жағдайда оның мазмұнымен мұқият танысып, қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынуды ұсынамыз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары