ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ C, D ЖӘНЕ E САНАТТАРЫНА ЖАТАТЫН ОТБАСЫЛАР ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРДІ

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы отбасылар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. C, D және E санаттары отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайындағы айырмашылықтарды көрсетеді: бұл жерде қанағаттанарлық әл-ауқат деңгейіндегі отбасылардан бастап, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасылар жатқызылады.

    C санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар. Бұл санатқа күнделікті негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын, орташа табысы бар отбасылар жатады. Мысалы, отбасы мүшелерінің жұмысы, жеке баспанасы және автокөлігі болуы мүмкін. Алайда жұмысының немесе мүлкінің болуы отбасының жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж емес екенін білдірмейді. Отбасының жағдайы материалдық және әлеуметтік факторлардың жиынтығы негізінде бағаланады.

    D санаты экономикалық тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды сипаттайды. Мұндай отбасылар материалдық қиындықтарға тап болған. Олардың жағдайын бағалау кезінде еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысының болмауы, кредиттік міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешектің болуы және тұрғын үймен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі ескерілуі мүмкін. Осындай қолайсыз факторлардың бірнешеуінің қатар кездесуі отбасының әл-ауқатына әсер етеді. Бұл санаттағы отбасылар үшін әлеуметтік төлемдермен қатар, жұмысқа орналасуға және кәсіптік оқудан өтуге жәрдемдесу шаралары да жолға қойылған.

    E санаты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайдағы отбасыларды қамтиды. Мұндай отбасылар мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет етеді. Өйткені олар бір мезгілде бірнеше күрделі қиындыққа тап болуы мүмкін: негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаттың жетіспеуі, жеке баспанасының болмауы, кредиттер бойынша берешектің ұзақ уақыт бойы өтелмеуі және өз жағдайын өз бетінше жақсарту мүмкіндіктерінің шектеулілігі. Мұндай үй шаруашылықтарында еңбекке қабілетті отбасы мүшелері болмауы да мүмкін.

    Сонымен қатар отбасының санатын жеке бір көрсеткіш негізінде автоматты түрде анықтауға болмайды. Пәтерінің немесе автокөлігінің болуы оның әл-ауқаты жоғары екенін білдірмейді. Сол сияқты кредиттік міндеттеменің болуы өздігінен отбасының экономикалық тұрғыдан осал екенін көрсетпейді. Санатты анықтау кезінде үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайы тұтастай бағаланады.

    Отбасының цифрлық картасында мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер пайдаланылады. Бағалау қаржылық жағдайды, жұмыспен қамтылуды, тұрғын үй жағдайын, мүлікті, көлікті, кредиттік міндеттемелерді, бизнестің, жер учаскелерінің және ауыл шаруашылығы активтерінің болуын сипаттайтын 59 көрсеткішті қамтиды. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік тұрақтылығы да ескеріледі. Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің құрамы мен жасы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы назарға алынады.

    Отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты түрде бекітілмейді. Өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, отбасы құрамы немесе мүліктік жағдайы өзгерген кезде бағалау жаңартылған мәліметтер негізінде қайта жүргізіледі. Отбасы құрамы мен оның әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп отырады.

    Егер мәліметтердің дәл емес немесе ескіргені анықталса, азаматтар тиісті есепке алуды жүргізетін уәкілетті органға жүгінуі қажет. Мәліметтер түзетілгеннен кейін олар Отбасының цифрлық картасына енгізіліп, кезекті бағалау кезінде ескеріледі.

    Айта кетейік, мұқтаждық қағидатын қолдану C, D және E санаттарындағы отбасылардың белгіленген талаптарға сай мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығын шектемейді.

    Кешенді бағалаудың басты мақсаты – отбасылардың нақты өмірлік жағдайларын ескеру және мемлекеттік көмекті атаулы түрде көрсету. Әсіресе қиын өмірлік жағдайдан өз бетінше шыға алмайтын азаматтарға ерекше назар аудару қажет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары