Құрметті жерлестер!
Сіздерді бүгінгі Дүниежүзілік нан күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Аграрлық әлеуеті жоғары өңіріміз үшін бұл мерекенің маңызы айрықша. Ел арасында «Түйір нан – тамшы тер» деген тәмсіл бекер айтылмайды. Нан – адал еңбектің, ырыс пен берекенің нышаны.
Биыл облысымызда ауыл шаруашылығын дамытуға 323,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56%-ке артық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында диқандарымыз мол өнім жинап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6 миллион тоннадан асты.
Бүгінде өңірімізде аграрлық салаға озық технологиялар енгізіліп, қайта өңдеу өндірісі дамып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Әрбір дән мен бөлке нан мыңдаған еңбек адамының қажырлы еңбегінің жемісі. Дастарханымызды молшылыққа кенелтіп жүрген еңбек адамдарына алғысымды білдіремін!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әр шаңырақтың несібесі арта берсін.
Мереке құтты болсын!









