Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін өңір тұрғындарынан алғыс хаттар мен бейнеүндеулер келіп түсуде.
Аққулы ауылының тұрғыны Алена Голяшова ұлын іздеуге көмектескені үшін Аққулы ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаевқа бейнеүндеу арқылы алғысын білдірді.
- Ұлымды табуға көмектесіңізші. Ол үйден шығып кетіп, әлі оралмады. Қазір қараңғы түсті, ол уақытты бағдарлай алмайды. Мен қатты уайымдап отырмын, – деп 11 жастағы баланың алаңдаулы анасы учаскелік инспекторға телефон арқылы хабарласқан.
Ришат Адамбаев бірден оқиға орнына аттанып, ауылдағы сквер мен саябақты аралап, іздестіру жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабар беріп, басқа қызметкерлерді де іздеу жұмыстарына жұмылдыруды ұйымдастырған.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде бала саябақтан табылып, анасына тапсырылды.
- Учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаевқа жедел әрекеті мен мұқияттылығы үшін алғыс айтамын. Балам бір сағаттың ішінде табылды. Үлкен рақмет! Аналық жүрегіммен басымды иіп, алғысымды білдіремін, – деді Алена Голяшова.
Айта кетейік, Ришат Адамбаев полиция қызметінде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызмет көрсететін аумақтың тұрғындары оны әрдайым көмекке дайын, азаматтардың мәселелеріне мұқият қарайтын және жанашырлық танытатын полицей ретінде таниды.









