Көкшетаудағы реновация бағдарламасы: ескі үйлердің орнына заманауи қалалық орта

    1 / 8

    Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Бағдарлама аясында облыс орталығында жаңа тұрғын үй кешендері салынып, қалалық ортаны кешенді жаңартуға жағдай жасалуда.

    Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін отбасылардың баспана мәселесін шешу. 2026 жылы Ақмола облысында әлеуметтік осал топтарға жататын мыңнан астам отбасы жаңа кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде шамамен 700 пәтер реновация бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерден сатып алынады.

    Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізілуде. «Автогородок» ауданында ғана 37 тозығы жеткен үй сүріліп, 187 тұрғын көшірілді. Алдағы уақытта ескі тұрғын үйлердің тағы 130 меншік иесі кезең-кезеңімен жаңа пәтерлерге қоныстандырылады.

    Негізгі құрылыс жұмыстары «Сарыарқа» шағынауданында жүргізіледі. Мұнда ауқымды тұрғын үй кешендерін салу көзделген. Қала әкімдігінің қолдауымен «Kokshe» ӘКК-не «Сарыарқа» шағынауданындағы құрылысы аяқталмаған бес нысан – А, В, Г, Д және 4 позициялары берілді. Бұл нысандардың құрылысын бұған дейін қала әкімдігі бастаған. Олардың құрылысын аяқтау қоныс аударушыларды орналастыруға арналған қосымша тұрғын үй қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Қазіргі уақытта құрылыс алаңдарында үш мердігер ұйым жұмыс істеуде. Жобалау кезінде әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Әрбір тұрғын үй кешенінде кредиттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлер қарастырылған.

    Бес нысан бойынша бұған дейін Көкшетау қаласының әкімдігі жұмсаған қаражаттың өтемі ретінде 81 пәтерді қайтарымды үлес түрінде алу көзделген. Сонымен қатар құрылыс салушылар іргелес аумақтарды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға, жасыл желектер отырғызуға міндетті. Барлық нысан бойынша құрылысты аяқтау мерзімдері белгіленген. Үйлердің басым бөлігін 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Бұдан бөлек, Вернадский көшесі, 11-мекенжайындағы апатты үйді реновациялау мәселесі қарастырылуда. Оның орнына коммерциялық үй-жайлары бар 75 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл жобада да «Автогородок» тұрғындарын көшіру үшін 13 пәтер қайтарымды үлес ретінде қарастырылған.

    «Басты міндет – қала тұрғындарын жайлы баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта әкімдік, жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс салушылар тығыз әріптестік орнатып жұмыс істеуде. Құрылыс қарқынын бәсеңдетуді көздеп отырған жоқпыз. Сонымен қатар жұмысты жекелеген жобаларды іске асырумен ғана шектеуге болмайды. Абаттандырылған аумақтардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуын, жасыл желектердің сақталуын және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін бақылау маңызды. Барлық жоба қаланың сәулеттік келбетіне және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне ықпалы ескеріле отырып жүзеге асырылуы тиіс», – деді өңір басшысы.

    Реновация бағдарламасы ескі тұрғын үйлерді бұзып, орнына жаңа пәтерлер салумен ғана шектелмейді. Ол қалалық аумақтарды жаңартуды және инфрақұрылымды дамытуды да көздейді. Осылайша, бұрын проблемалық саналған аумақтар жаңа сипатқа ие болып, заманауи қалалық ортаның бір бөлігіне айналады.

    Мәселен, Сейфуллин көшесіндегі апатты спорт мектебінің ғимаратының орнына жерасты автотұрағы бар 14 қабатты тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Бұл ретте спорт мектебі өз қызметін жалғастырып, жаңа ғимараттың екінші қабатында орналасады. Спорт мектебіне жеке кіреберіс қарастырылып, жас спортшылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы қамтамасыз етіледі.

    Тағы бір жоба бұрынғы радиозауыт аумағында жүзеге асырылады. Мұнда 2028 жылы жаңа тұрғын үй кешені пайда болады. Құрылыс салушы компания төрт қабатты екі ғимаратты да қайта жаңғыртып, оларда шағын қонақүй мен бизнес-орталық орналастыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, аумақта жағалауға шығатын серуендеу аймағы мен жаңа мектеп салу көзделген.

    Айта кетейік, Көкшетаудағы реновация бағдарламасы Қазақстандағы қалалық ортаны жаңартудың табысты үлгілерінің біріне айналды. «Kokshe» ӘКК-нің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба облыс орталығын тозығы жеткен ғимараттардан кезең-кезеңімен тазартуға, тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға және қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары